Мақал-Мәтелдерді Оқытудың Тілдік Ерекшеліктері

Мақал-мәтелдердің тілі қарапайым және өте көркем, сөздік құрамы бай. Сөйлем құрылысы жағынан жеңіл, әсерлі болып келеді. Халық мақал-мәтелдеріндегі қолданылған сөздердің тек қана сыртқы сұлулығын қарамайды, сонымен қатар құрамындағы сөз мағынасын шебер, орынды қолданылуына да назар аударады. Мақал-мәтелдерді оқып үйрену ана тіліміздің байлығын, сөйлем құрылысын, дұрыс сөйлеу заңын жетік білуімізге, тілімізді дамытып ой-өрісімізді кеңейтуге себепші болады. Фольклордың басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер – халық оқулығы, өсиеті. Олар жастарды тәрбиелейді, жамандықтан сақтандырады. Ең алдымен қарапайымдылыққа, ауызбіршілікке, ұйымшылдыққа мегзейді, еңбекке, ерлікке баулиды. Адалдықты, адамгершілікті мақтап, насихаттай отырып, оған қарама-қарсы арамдық, қараулық, өтірік-өсек, жалқаулық, ұрлық, екі жүзділік секілді жарамсыз мінез-құлықтар сыналады. Мақал-мәтел – халықтың сан ғасырлық көрген-білгенінен, бастан кешкен уақиғаларынан қорытқан ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы, табиғатта, өмірде үнемі қайталап тұратын уақиғалармен, құбылыстармен байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Әр халықтың мақалы мен мәтелі – сол халықтың өзі жасап алған логикалық формуласы, ережесі. Ол кез келген уақиғаның, мәселенің тұсында еске түседі, тілге оралады. Сөйтіп көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек ететін қиын нәрсені жеп жеңіл, оп-оңай, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді, ұғындырады. Әрбір халықтың жас буынды тәрбиелеу ісінде сүйенетін ұлттық тәлімі қанатты сөздер мен мақал-мәтелдер. Ал, жас ұрпақ сана-сезімін, ұлттық психологиясын көнеден келе жатқан халықтың болмыс-бітімін танытатын, діліміз мен тіліміздің ерекшелігін айқын көрсететін мұрамыз мақал-мәтелдер арқылы қалыптастырудың мәні мен маңызы орасан зор болмақ.
Anahtar Kelimeler:

халық оқулығы

___

  • 1. Адамбаев, Б. (1976), Халық даналығы, Алматы: Ғылым 2. Ғабдуллин, М. (1958), Қазақ халқының ауыз әдебиеті, Алматы:Ғылым 3. Жарықбаев, Қ. (1980), Аталар сөзі-ақылдың көзі, Алматы: Ана тілі 4. Әлімбаев, М. (1990), Өмір. Өнер. Өнерпаз. Алматы: Жазушы 5. Байтұрсынұлы, А. (2003), Әдебиет танытқыш, Алматы: Ғылым