ҚЫЗЫЛҚҰМ КҮЙШІСІ АҚБАЛА ЖАНҒАБЫЛҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ АРНАУ КҮЙЛЕР

Домбыра күйлерінің туындауы – әр өңірдің табиғатына, өмір сүру салтына, күйші-домбырашының орындаушылығына тән болып келеді және осымен байланысты домбыра күйлерінің өңірлік ерекшелігі айқындалады. Осы орайда анда-санда айтылып, оқта-текте жазылып жүрген Қызылқұмның күйшілік дәстүріне аз-кем тоқталсақ. Қазақ совет энциклопедиясында Қызылқұм шөлі – Әмудария мен Сырдария аралығындағы құмды алқап. Оның үштен бір аумағынан астамы Қазақстанда. Солтүстік батысы Арал теңізіне дейін, оңтүстік-шығысы Өзбекстандағы Зеравшан аңғары мен Нұратау тауларына ұласады деген Қызылқұмның қазіргі Қазақ еліне тиесілі бөлігінің көпшілігі Қызылорда облысында екені белгілі. Ертеректе бұл аймақты Сыр бойы деп атаған. Сыр бойындағы жырау-жыршылық пен күйшілік дәстүр "Қыр мен Сырға", яғни Қызылқұм мен Сырдария бойына тегіс тарап дамыған. Құмның қазағы, Сырдың қазағы деп, өзіміз бөліп тастайтынымыз болмаса, әншілік пен күйшілік дәстүрде көзге көрініп, құлаққа ұратындай айырмашылық жоққа тән. Әр өнерпаздың өзіне ғана тән орындаушылық ерекшелігі болса да, жалпы Сыр бойының дәстүрі деп аталады.

___

  • Нұрсұлтанова А. (2011) "Ақбала мен Шағдар күйші" Шағдардың орындауындағы күйлер DVD Астана Тоқжанов Т. (2020) Қызылқұм сарыны. Оқу құралы. Алматы. Сейдімбек А. (2002) Қазақтың күй өнері. Монография. - Астана. Нұрымбетов Е. (2005) Сыр сүлейі - Әлшекей. Алматы. Тоқжан Т. (2002) Сырлы сарын. Алматы.